Эссе
«Елбасы сенімі-ел сенімі»
Қазақта «Төбесіз жер,төресіз ел болмайды» деген тамаша сөз бар. Иә, бүгін де әр қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, елі сүйіп, құрметтеген ардақты азамат, қазақ тарихында өзіндік орны қаларлық тұлға-тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Кешегі тар жол,тайғақ кезеңде,егемендіктің елең-алаң шақтарында еліміздің еңсесін көтеріп,шекарамызды шегендеп,халқымызды төрткүл дүниеге танытқан, нұрлы болашаққа жетелеген,сан ғасырлар бойғы бабалар арманын баянды еткен, Астанасын салып, айдай әлемге әйгілеген,халқымызға пана, жастарға аға болған Елбасының еліне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Ата тарихты ақтарсақ, еліміз үшін күрескен ерлер қаншама. Күллі қазақ халқын өз туының астына жинап, үш жүздің басын қосқан Абылай ханды, елінің азаттығы үшін аянбай қан мен тер төккен Кенесарыны, Амангелдіні, жас өмірін елінің азаттығы үшін қиған қайсар Қайрат пен «бостандық» деп, еліне деген сезімі лаулаған Ләззат пен Сәбираны айтсақ та жеткілікті болар. Осы ұлылардың жалғасы деп біріншіден Нұрсұлтан Назарбаевты айтар едім.
Тәуелсіздігін енді алған жас мемлекет бүгінде әлем таныған, басқа мемлекеттермен терезесі тең үлкен мекенге айналды. Ел өмірінің алуан салалы тіршілік тынысын терең білу, маңдай тіреген ең маңыздысын тап басып тани білу, ел ішіндегі және әлемдік ахуалдармен санаса отырып, батыл әрекеттерге бару, сол жолда таңдаған бағытын табандылықпен жүзеге асыру-Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекет басшысы ретіндегі басты қасиеттері. Елбасымыздың бастамасымен дүниежүзілік тарихи маңызы бар істер атқарылды. Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқысы бола білді. Солардың бірі әлемнің алпауыт елдерінде өткізілген ЭКСПО көрмесі біздің дамушы мемлкетімізде де өткізілуі.
ЭКСПО-2017 – мемлекетіміздің мығымдығын, еліміздің еңселілігін, ойымыздың тереңдігін, халқымыздың қонақжайлылығын, ұлтымыздың ұлылығын көрсеткен тұс. Кемеңгер Елбасының арқасында әлемдік маңызы бар көрмені ойдағыдай өткіздік.
Әлемдік бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолында да Елбасы бастамасынмен жасалынып жатқан игі істер қаншама. Бірнеше жоғары оқу орындары, әлемдік деңгейде білім беретін мектептер, жолдаулар мен жобаларды айтуға болады. Нұрсұлтан Әбішұлы өз жолдауларының бірінде: «Тәуелсіз еліміздің ұрпақтары үш тілді жетік меңгеруі керек, әлемдік жаһандану заманында жастарымыз барша халықпен тең дәрежеде білім жарыстыра алуы қажет» деген. Бүгінде Қазақстанның барлық білім беру ұйымдарында үш тілді білім беру жүйесі қарыштап демып келеді. Осындай бастамалар арқасында болашағымыздың жарқын болары сөзсіз.
Сондай-ақ менің өз ойым қазір елімізде жастарға деген қамқорлық барлық салада көрініс беруде. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында, қабылданып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламаларда жастардың рөлі мен белсенділігіне ерекше мән берілген.ХХІ ғасырда жаңа Қазақстанның дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемдегі беделді мемлекеттер қатарында қалыптасып әрі қарай дамуы үшін бүгінгі жастардың қоғамдағы рөлі ерекше. Қазіргі таңда халықаралық байланыстар дамыған кезеңде қазақ жастары бәсекеге қабілетті, өзінің дәстүрі мен тілін, мәдени құндылықтарын бойына сіңірген азамат болу басты мақсат екені белгілі. Біздің мемлекетімізде жастарға өз идеяларын жүзеге асырып, сапалы білім - саналы тәрбие алуға, барлық мүмкіндіктер жасалған. Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстанның әр азаматына түрлі қолдаулар мен көмектер жасалынған. Өмір есігін ашқан баладан бастап, еңкейген қартқа дейін әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілген.
Ел болып қалыптасу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан, бүгінде елінің сенімін ақтаған Елбасының елі үшін жасаған қызметтері мен сіңірген еңбегін жаза берсек, таңды таңға жалғауға болар деп ойлаймын.
Қорытындылай келе, мен ел Президентінің осынау тарихи тағдырлы жеңістерін зор алғыс сезіміммен жоғары бағалаймын және мақтан етемін.Заманымыздың ұлы қайраткері ретінде Қазақстанды әлем төріне шығарғаны үшін,туған халқының дана перзенті ретінде ата жұртымыздың бағын жандырғаны үшін,әсем де айбынды Астанамен салтанатымызды асырғаны үшін мыңда бір рақмет айтамын.
Барша Қазақстан халқының жүрегінен жол таба білген Елбасының халқы үшін ақтық демі қалғанша қызмет ететініне кәміл сенемін!